2015 жылғы 31 желтоқсан, Астана, Үкімет Үйі
«Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы
№ 920 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 51, 706-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№1174 қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы
№ 920 қаулысымен бекітілген
Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы
1. Осы Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 100-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және аукцион, тендер, жабық тендер және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс нысанында сауда-саттықта жекешелендіру объектілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату және акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату тәртібін реттейді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы баға – жекешелендіру объектісінің аукциондағы сауда-саттық барысында қалыптасатын бағасы;
2) алғашқы баға – мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия белгілейтін жекешелендіру объектісінің нарықтық құнының негізінде айқындалатын баға;
3) аукцион – электрондық форматта тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып, қатысушылар өздерiнiң ұсыныстарын жария түрде мәлiмдейтiн сауда-саттық нысаны;
4) аукцион залы – аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін тізілім веб-порталының бөлімі;
5) аукцион нөмірі – Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңбасы болған кезде қатысушыға аукционға қатысу үшін берілетін нөмір;
6) бастапқы баға – әрбір жекешелендіру объектiсi бойынша сауда-саттық басталатын баға;
7) екi кезеңдi рәсiмдер арқылы конкурс – кезең-кезеңiмен келiссөздер жүргiзу арқылы тәуелсіз консультанттардың қатысуымен сатушы конкурс жеңiмпазын айқындайтын сауда-саттық нысаны;
8) ең төменгі баға – жекешелендiру объектiсiн одан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;
9) жабық тендер – қатысушылардың шектеулi тобы қатысатын тендер;
10) жекешелендіру объектісі – мүлiктiк кешен ретiндегi кәсіпорын; жекешелендiрiлуi тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бiрлiктерi; мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкi; акционерлік қоғамдардың акциялары; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестері; акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар;
11) жекешелендіру объектісінің нарықтық құны – мәміле тараптары бағалау объектісі туралы барлық қолжетімді ақпаратқа ие бола отырып, есеппен және мәжбүрлеусіз әрекет ететін бәсекелестік жағдайларында, мәміле негізінде жекешелендіру объектісін иеліктен шығаруға болатын есептік ақшалай сома;
12) жеңiмпаз – жекешелендiру объектiсi үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысушы; екi кезеңдi рәсiмдер арқылы ең үздік шарттар ұсынған конкурстың екiншi кезеңiне қатысушы;
13) кепілдік жарна – сауда-саттыққа қатысу үшін жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасының 15 %-ы мөлшерінде жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізетін, бірақ 30 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ақша сомасы;
14) қатысушы – аукционға, тендерге, жабық тендерге немесе eкi кезеңдi рәсiм арқылы конкурсқа қатысу үшiн белгiленген тәртiппен тiркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
15) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) – Заңда көзделген жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу үшін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган құратын алқалы орган;
16) сату бағасы – сауда-саттық нәтижесінде белгіленген жекешелендіру объектісінің түпкілікті бағасы;
17) сатушы (мүлікті иеліктен айыруды жүргізетін адам) – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган;
18) сатып алушы (ие болушы) – мемлекеттiк мүлiктi иелiктен шығару процесiнде мүлiктi сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттiк емес заңды тұлға;
19) сауда-саттық – жекешелендіру түрі;
20) сауда-саттықтың бағаны көтеру әдісі – бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен арттырылатын сауда-саттық әдiсi;
21) сауда-саттықтың бағаны төмендету әдісі – бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен төмендетiлетiн сауда-саттық әдiсi;
22) тәуелсіз консультанттар – заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдіктер немесе олардың бірлестіктері, сатушы жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені сүйемелдеу мақсатында тартатын, бағалау және (немесе) инвестициялық қызметке және (немесе) қаржылық консультация беруге қатысушылар;
23) тендер – тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында жабық электрондық конвертке жүктелетін, қатысушылар өздерiнiң баға ұсыныстарын мәлiмдейтiн сауда-саттық нысаны;
24) тізілімнің веб-порталы – www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сату объектілері жөніндегі электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
25) ұйымдастырушы – жекешелендіру объектілерін дайындауды және сатуды ұйымдастыратын сатушы не мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айқындалған тәртіппен тартылатын заңды немесе жеке тұлға;
26) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
27) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.
3. Объектіні жекешелендіру туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган қабылдайды, олар 10 күн мерзімде жекешелендіру объектілері туралы ақпаратты (сату кестесі) тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.
Табиғи монополия субъектілері немесе тиісті тауар нарығында басым немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын ұйымдарды жекешелендіру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган республикалық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті, сондай-ақ нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылмайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы органдар облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Кәсіпорында мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары болған жағдайда, кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде жекешелендіру туралы шешім дайындау кезінде шешімнің жобасы мемлекеттік материалдық резерв, жұмылдыру даярлығы және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.
4. Жекешелендіру объектілерін сату жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады, ол жекешелендіру объектісінің теңгерімдік құнынан төмен болуы мүмкін.
5. Мемлекеттік мүлікті иеліктен айыру түрлерін таңдау жөніндегі өлшемшарттарды республикалық мүлік бойынша – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, коммуналдық мүлік бойынша – тиісті жергілікті атқарушы органдар айқындайды.
6. Эмиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген акцияларды сатуға жол берілмейді.
7. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысу үлесін сату Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптар сақталып жүргізіледі.
8. Мемлекетке тиесілі акцияларды сату кезінде сатып алушы акционерлік қоғам егер соңғысы сатып алушының акцияларына иелік етсе, акционерлік қоғам акцияларының жиырма бес пайыздан астамын сатып ала алмайды.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысу үлесін сату кезінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қатысушылары заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, қатысушылардың бірі қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатқан кезде үшінші тұлғалардың алдында қатысушының үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алу артықшылық құқығын пайдаланады.
9. Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік мүлікті сатуға ұсынған кезде осы мемлекеттік заңды тұлғаны басқаратын мемлекеттік органның жазбаша келісімі қажет. Бұл ретте сатушыға жекешелендіру объектісіне құқық белгілейтін құжаттарды беру қажет.
Қажет болған жағдайда сатушы жекешелендіру объектісінің техникалық және функционалдық сипаттамаларын айқындауға мүмкіндік беретін құжаттарды сұратады.
Мемлекеттік мүліктің теңгерім ұстаушысы жекешелендіру объектісінің сақталуына және сатып алушыға меншік құқықтары өткенге дейін жекешелендіру объектісі бойынша мәліметтердің дұрыстығына жауап береді.
Хабарлама жарияланғаннан кейін теңгерім ұстаушы жекешелендіру объектісін сатып алуды қалаушылардың жекешелендіру объектісін көруге еркін қатынауын қамтамасыз етеді.
Акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысу үлесін сату кезінде мәліметтердің дұрыстығына акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы жауап береді.
10. Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскесіне құқық сатып алушыға өтеді.
Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын сатып алушы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке төлейді.
11. Сатушы жекешелендiру объектiлерiн сатуды Заңда және осы Қағидада айқындалған тәртiппен жүзеге асырады.
12. Сатушының функциялары:
1) жекешелендіру объектісінің құнына бағалау жүргізуді қамтамасыз ету;
2) осы Қағиданың 2-тармағының 7) жәнет 9) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, комиссия шешімінің негізінде әрбір жекешелендіру объектісі бойынша жекешелендіру жүргізу түрін, сауда-саттық шарттарын және нысандарын айқындау;
3) сауда-саттық өткізу мерзiмiн белгiлеу;
4) сауда-саттықты дайындауды және өткізуді жүзеге асыру;
5) комиссия шешімінің негізінде жекешелендіру объектілерінің алғашқы бағасын айқындау;
6) екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушылардың кепілдік жарнасын қабылдау;
7) мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды комиссияның шешімі негізінде Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржасында сатуды жүзеге асыру;
8) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату кезінде брокерлік компанияның ұсынымдары бойынша сауда-саттық жүргізу әдісін айқындау;
9) биржалық сауда-саттыққа акцияларды қою мерзімі мен ұзақтығын, сатудың шекті мерзімдері мен биржалық сауда-саттықтан алу күнін айқындау;
10) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілелерді сүйемелдеу мақсатында тәуелсіз консультанттарды тарту;
11) жекешелендіру объектілерін сауда-саттықтан алу туралы шешім қабылдау;
12) сатып алушының талабы бойынша жекешелендіру объектілерінің ауыртпалықтары, сондай-ақ егер жекешелендіру объектісі мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттарының кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы туралы ақпаратты дайындау және ұсыну;
13) жекешелендіру объектісінде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары болған жағдайда, сату туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға және тиісті орталық атқарушы органдарға хабарлау;
14) тендерге немесе жабық тендерге қатысушылардың құжаттарын олардың қосымша талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау және оларды сауда-саттыққа жіберу;
15) ұйымдастырушы тартылған жағдайда онымен сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткізуге шарт жасасу;
16) сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу барысын бақылауды жүзеге асыру;
17) сауда-саттық жеңімпаздарымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және олардың орындалуын бақылау;
18) қатысушылармен, сатып алушылармен, ұйымдастырушымен сауда-саттық өткізу рәсімдеріне байланысты есептесулерді жүзеге асыру;
19) жекешелендіру жүргізу үшін қажет басқа да іс-шараларды жүргізу болып табылады.
13. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне немесе құрылтай құжаттарына сәйкес қызметтiң жүзеге асырылуы объектiнi сауда-саттықтарда сатудың шарты болып табылатын түрлерiмен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлғалар;
2) ұйымдастырушы;
3) жарғылық капиталының жиырма бес пайызынан астам мөлшердегі акциялары сауда-саттыққа шығарылған акционерлік қоғамға акциялары тиесілі акционерлік қоғамдар сауда-саттықтың қатысушысы ретінде тіркелуге жатпайды.
2. Комиссия
14. Сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу үшін сатушы міндетті түрде комиссия құрады, оның құрамына сатушының және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері немесе олардың аумақтық бөлімшелері, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының (жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссияларға) өкілдері енгізіледі. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 адамды құрайды. Сатушының өкілі комиссия төрағасы болып табылады. Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды.
Комиссия шешімдері қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санынан қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төраға дауысы шешуші болып табылады. Комиссия шешімі сатушы үшін ұсынымдық сипатта болады.
15. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) өз жұмысының регламентiн дербес әзiрлейдi;
2) осы Қағиданың 2-тармағының 7) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, әрбір жекешелендіру объектісі бойынша жекешелендіруді жүргізу түрі, сауда-саттық нысандары мен әдістері туралы шешім қабылдайды;
3) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату туралы шешім қабылдайды;
4) жекешелендіру объектiсiн бағалау негізінде жекешелендіру объектiсiнiң алғашқы бағасын белгілеу туралы шешім қабылдайды;
5) биржалық сауда-саттыққа акцияларды қою мерзімі және ұзақтығы, сатудың шекті мерзімі және биржалық сауда-саттықтан алу күні туралы шешім қабылдайды;
6) осы Қағиданың 61-тармағында көзделген жекешелендіру объектілерін сатуды қоспағанда, тендер шарттары туралы шешім қабылдайды;
7) қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптар туралы шешім қабылдайды;
8) осы Қағиданың 39-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жекешелендіру объектілерін кейіннен сауда-саттыққа қоюдың орындылығы туралы шешім қабылдайды;
9) екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарайды және оларды сауда-саттыққа жібереді;
10) екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс жеңімпазын жариялайды.
16. Сауда-саттықты өткізуге дайындықты сатушы жүзеге асырады, ол сауда-саттықты өткізу туралы хабарламаның уақтылы жариялануын қамтамасыз етеді, өтiнiмдер қабылдауды және екі кезеңді рәсiмдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушыларды тiркеудi жүргiзедi, екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурстың келіп түскен материалдарын комиссияның қарауына береді.
3. Сауда-саттықты өткізуге дайындық
17. Сауда-саттықтарды өткiзуге дайындық мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:
1) жекешелендіру объектісі бойынша қажеттi материалдарды жинау жүргiзiледi;
2) жекешелендіру объектiсiн бағалау негізінде жекешелендіру объектiлерiнің алғашқы бағасы айқындалады;
3) әрбiр жекешелендiру объектiсiнiң сатылу нысандары мен әдiсi айқындалады;
4) жекешелендiру объектiлерi жекелеген сауда-саттықтар бойынша бөлiнедi;
5) кепiлдiк жарнаны енгiзу тәртiбi айқындалады;
6) сауда-саттықты өткізу мерзiмі белгiленедi;
7) қажет болған кезде ұйымдастырушы тартылады;
8) сауда-саттық өткiзу туралы хабарлама жарияланады;
9) кепiлдiк жарналар қабылданады;
10) қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi;
11) сатып алу-сату шартының жобасын дайындау жүзеге асырылады.
18. Теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен астам болатын жекешелендіру объектілерін бағалауды халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес тәуелсіз консультанттар жүзеге асырады.
19. Теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен аз болатын жекешелендіру объектілерін бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
20. Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысуға кепілдік жарна мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың (бұдан әрі – бірыңғай оператор) деректемелеріне хабарламада белгіленген нысанда және тәртіппен енгізіледі.
Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна сатушының деректемелеріне хабарламада белгіленген нысанда және тәртіппен енгізіледі.
Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе заңды тұлға енгізеді.
21. Қатысушыларға кепiлдiк жарнаның кез келген санын енгiзуге жол беріледі, бұл ретте бір кепілдік жарна қатысушыға ол бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін осы кепілдік жарнаны енгізген жекешелендіру объектісін сатып алу құқығын береді.
22. Сауда-саттықта жеңген және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер есебіне жатқызылады.
23. Сатушы мынадай жағдайларда:
1) жеңiмпазға – ол сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда;
2) сатып алушыға – сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда кепiлдiк жарнаны қайтармайды.
Қалған барлық жағдайларда кепілдік жарналар қатысушы бірыңғай операторға (аукционға, тендерге немесе жабық тендерге қатысушы) немесе сатушыға (екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушы) өтініш берген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтарылады.
Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушы, жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініште көрсететін деректемелерге қайтарылады.
24. Сауда-саттық өткiзiлетiндiгi туралы хабарлама олар өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялануы тиiс.
Хабарлама қазақ және орыс тiлдерiнде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс тәсілімен анықтаған мерзімді баспа басылымдарында және тізілімнің веб-порталында жарияланады.
Монополияға қарсы заңнаманың талаптарына жататын акцияларды, ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы үлестерді, мемлекеттік кәсіпорындарды мүліктік кешендер ретінде сату туралы хабарламаны объекті (сату кестесі) бойынша ақпарат тізілімге енгізілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күн өткеннен кейін жариялауға жол беріледі.
25. Сауда-саттық өткізу туралы хабарламада мынадай мәліметтер қамтылады:
1) сауда-саттықтың өткiзiлетiн күнi, орны және уақыты;
2) сауда-саттықтың түрі, нысаны мен әдiсi;
3) жекешелендiру объектiсi туралы мәлiметтер (акцияларды сату кезінде акциялар эмитентінің атауы мен олар туралы мәліметтер, сатылатын акциялардың саны);
4) сатуға қойылатын жекешелендіру объектiлерiнiң бастапқы және ең төменгі (аукцион сауда-саттықтың голландтық әдiсiн қолдана отырып өткiзiлген кезде) бағалары;
5) кепілдік жарнаның мөлшері мен оны аудару үшін банктік деректемелер;
6) өтiнiмдердi қабылдау орны мен мерзімі;
7) сауда-саттықтарды өткiзу, оның ішінде сауда-саттыққа қатысуды ресімдеу, сауда-саттық жеңімпазын анықтау шарттары туралы тәртіп;
8) сатушының және/немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының және теңгерім ұстаушының телефоны мен орналасқан жерi;
9) сатушының шешiмi бойынша қосымша ақпарат.
Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату туралы хабарламада мынадай мәліметтер қамтылады:
1) сауда-саттықтың басталатын күнi мен уақыты;
2) сауда-саттықтың өткізілетін орны;
3) акциялар эмитентінің атауы;
4) эмитент туралы мәліметтер;
5) сатылатын акциялардың саны;
6) сауда-саттықты ұйымдастырушының телефоны мен орналасқан жерi;
7) сатушының шешiмi бойынша қосымша ақпарат.
26. Әрбiр жекешелендіру объектiсі бойынша сату туралы хабарлама жарияланғанға дейiн сатушы тізілімге мынадай құжаттардың:
1) жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы есептің;
2) техникалық жағдайы туралы көріністі қамтамасыз ететін, кемінде 5 дана жекешелендіру объектісі фотосуретінің (тек жылжымайтын мүлік, көлік, жабдық және басқа да материалдық мүлік үшін);
3) сатып алу-сату шарты жобасының электрондық көшiрмелерінің тізілімге енгізілуін қамтамасыз етеді.
Жекешелендіру объектiсін сату туралы хабарлама жарияланғаннан кейiн сатушы тізілімнің веб-порталы арқылы барлық қалаушылардың жекешелендiру объектiсi туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
27. Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, тендер, жабық тендер басталғанға дейін екі сағат бұрын және екі кезеңде ететін рәсімдер арқылы конкурс басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады, содан соң қатысушылар берген өтінімдерін кері қайтара алмайды.
28. Аукционға тендерге және жабық тендерге қатысу үшін мыналарды:
1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН), тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);
2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – БСН), толық атауын, бірінші басшының тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);
3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін;
4) байланыс деректерін (почталық мекенжайы, телефоны, факс, е-mail) көрсете отырып, тізілімнің веб-порталында алдын ала тіркелу қажет.
Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде қатысушы бір жұмыс күні ішінде тізілімнің веб-порталына енгізілген деректерді өзгертеді.
29. Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысушы ретінде тіркелу үшін осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысушының ЭЦҚ қойылған сауда-саттыққа қатысуға өтінімді тізілімнің веб-порталында тіркеу қажет.
Тендерге және жабық тендерге қатысушылар:
1) тендерге қатысушы қол қойған, тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында электрондық конвертке жүктелетін баға ұсынысының;
2) сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерін қоса бере отырып, сауда-саттық шартымен келісуді қамтитын өтінімді тіркейді.
30. Аукционның, тендердің және жабық тендердің жеңімпазы сатып алу-сату шартына қол қойған кезде сатушыға салыстырып тексеру үшін мынадай құжаттардың:
1) жеке тұлғалар үшін: паспорттың немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың;
2) заңды тұлғалар үшін: заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің не анықтаманың;
заңды тұлға өкілінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттың, сондай-ақ заңды тұлғаның өкілі паспортының немесе оның жеке басын куәландыратын құжаттың;
мемлекетке тиесілі акцияларды сату кезінде – қатысушының акцияларына иелік ететін акционерлік қоғамдар туралы ақпаратты қамтитын акционерлер тізілімінен (хабарламаның жариялану сәтінде) үзінді-көшірменің түпнұсқаларын міндетті түрде көрсете отырып, олардың көшірмелерін не нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынады.
Шетелдік заңды тұлғалар қазақ және/немесе орыс тілдерінде нотариат куәландырған аудармасы бар құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін ұсынады.
Тендердің және жабық тендердің жеңімпазы да сатушыға сатып алу-сату шартына қол қойған кезде өтінімге қоса берілген құжаттардың түпнұсқаларын не нотариат куәландырған көшiрмелерін ұсынады.
Құжаттардың түпнұсқалары салыстырылып тексерілгеннен кейін бір жұмыс сағаты ішінде қайтарылады.
31. Сатушы мен ұйымдастырушыға мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттықты дайындау және оларды өткізудің бүкіл кезеңінің ішінде сауда-саттыққа қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жариялауға;
2) осы Қағиданың 29-тармағында көрсетілгендерден басқа, қосымша құжаттар ұсынуды талап етуге жол берілмейді.
32. Тендерге және жабық тендерге қатысушылардың өтінімдері және оларға қоса берілетін электрондық (сканерленген) құжаттардың көшірмелері тізілімнің дерекқорында сақталады және сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген күн мен уақытқа дейін жүктеу және қарау үшін қолжетімсіз болады.
33. Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысуға өтінім тіркелгеннен кейін тізілімнің веб-порталы үш минут ішінде өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілді жарнаның түсуі туралы мәліметтердің тізілімнің дерекқорында болуы тұрғысынан автоматты түрде тексеру жүргізеді.
Қатысушының осы Қағиданың 28 және 29-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген кепілді жарнаның сауда-саттық басталғанға дейін екі сағат бұрын түспеуі тізілім веб-порталының өтінімді қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына кепілді жарнаның түскені туралы мәліметтер болған жағдайда, тізілімнің веб-порталы өтінімді қабылдау және қатысушыны аукционға, тендерге және жабық тендерге жіберуді жүзеге асырады. Тізілімнің дерекқорында бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына кепілді жарнаның түскені туралы мәлімет болмаған жағдайда, тізілім веб-порталы қатысушының өтінімін кері қайтарады.
Тізілімнің веб-порталы автоматты тексеру нәтижелері бойынша тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына өтінімді қабылдау не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.
34. Тізілімнің веб-порталы аукционға қатысу үшін электрондық өтінімді кері қайтарған қатысушының аукцион нөмірін сауда-саттықты өткізу басталғанға дейін кемінде екі сағат бұрын жояды.
35. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды ұсыну қажет:
1) осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауда-саттыққа қатысуға өтінім;
2) жеке тұлғалар үшiн:
салыстыру үшiн түпнұсқасын мiндеттi түрде көрсете отырып, паспорттың немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi не көрсетілген құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
банктен ағымдағы шоттың бар-жоғын растайтын анықтаманың түпнұсқасы;
заңды тұлғалар үшiн:
салыстыру үшiн түпнұсқасын мiндеттi түрде көрсете отырып, жарғының көшiрмесi немесе көрсетілген құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
салыстыру үшiн түпнұсқасын мiндеттi түрде көрсете отырып, заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі немесе көрсетілген құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
банктен банктік шоттың бар-жоғын растайтын анықтаманың түпнұсқасы.
Құжаттардың түпнұсқалары салыстырғаннан кейін бір жұмыс сағаты ішінде қайтарып беріледі.
Акционерлік қоғамдар мемлекетке тиесілі акцияларды сату бойынша екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысу кезінде өздерінің акцияларына иелік ететін акционерлік қоғамдар туралы ақпаратты қамтитын акционерлер тізілімінен (ақпараттық хабарлама жариялау сәтіндегі) үзінді-көшірменің түпнұсқасын ұсынады;
3) кепілдік жарнаның енгізілгенін растайтын төлем құжатының түпнұсқасы мен көшірмесі. Қатысушы сауда-саттық өткізілгеннен кейін жүгінген кезде төлем құжатының түпнұсқасы қайтарылады;
4) заңды тұлға өкілінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттың түпнұсқасы, сондай-ақ салыстырғаннан кейін қайтарылып берілетін түпнұсқасын қоса бере отырып, заңды тұлғаның өкілі паспортының немесе оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі не заңды тұлғаның өкілі паспортының немесе оның жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі.
Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысу үшін ұсыныстар жабық конвертте жазбаша ұсынылады.
36. Шетелдік заңды тұлғалар қазақ және/немесе орыс тілдерінде нотариат куәландырған аудармасы бар құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін ұсынады.
37. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысуды қалайтын тұлғалардың өтінімдерін қабылдау және оларды тiркеу талап етілетін құжаттардың толық жиынтығы болған кезде жүргізіледі.
Өтінім қолма-қол тәсілмен берілген кезде талап етілетін құжаттардың бар-жоғын тексеруді сатушы сол жерде, бір жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырады және осы Қағиданың 35-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған жағдайда ұсынылған өтінім тіркелмейді.
Өтінім поштамен келіп түскен кезде осы Қағиданың 35-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған жағдайда, ұсынылған өтінім тіркелмейді, бұл туралы сатушы өтінім берген тұлғаға бір жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда хабарлайды.
38. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушылардың құжаттары журналда тіркелгеннен кейін сейфте сақталады және оны өткiзетiн күні комиссияға қарау және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа жіберу үшін берiледi.
39. Егер мүліктік кешен ретіндегі мемлекеттік кәсіпорын және мемлекеттің қатысуы жүз пайызды құрайтын акционерлік қоғамдардың акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері өткізілген үш сауда-саттық нәтижелері бойынша сатылмаған болса, осы заңды тұлғалар таратылуға жатады.
4. Аукцион өткiзу
40. Аукцион сауда-саттықтың екі әдісімен өткізіледі: бағаны көтеру және бағаны төмендету арқылы.
Аукционды өткiзу кезiнде жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасы жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасына тең болады.
Жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасы жекешелендіру объектісінің нарықтық құнының негізінде айқындалады және оны комиссия белгілейді.
41. Жекешелендiру объектiсi бірінші сауда-саттыққа аукционға бағаны көтеру әдісі қолданыла отырып шығарылады.
Жекешелендiру объектiсi екінші сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, алғашқы бағаның елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгіленіп шығарылады.
Жекешелендiру объектiсi үшінші сауда-саттыққа аукционға бағаны төмендету әдiсi қолданыла отырып, ең төмен баға белгіленбей шығарылады.
Кейінгі әрбір сауда-саттық әрбiр жиырма жұмыс күні сайын жүзеге асырылады.
42. Аукционға жіберілген қатысушыға тізілімнің веб-порталы беретін аукцион нөмірі бойынша аукцион залына кіруге рұқсат беріледі.
Аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып, аукцион залына кіреді. Аукцион жекешелендіру объектісінің бастапқы құнын аукцион залында автоматты түрде орналастыру жолымен сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген Астана қаласының уақыты бойынша басталады.
43. Аукцион залында аукцион Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі – жұма аралығында өтеді. Аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап сағат 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірілмей басталады.
44. Егер бағаны көтеру аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда жекешелендіру объектісін сатып алуға өзінің ниетін растаған соңғы қатысушы жеңімпаз деп танылады және осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады.
Егер бағаны төмендету аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өтпеді деп танылады.
45. Егер аукцион басталған сәтте жекешелендіру объектісі бойынша аукцион залында екі қатысушыдан аз тіркелсе және болса (жекешелендіру объектісін жалғыз қатысушыға сатуға жол берілетін аукцион бойынша үшінші және келесі сауда-саттықтарды қоспағанда), осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өткізілмеген болып танылады.
46. Бағаны өзгерту қадамы былайша белгіленеді:
1) жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында – 10 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;
2) жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20 000 еселенгеннен бастап 50 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында – 7 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде;
3) жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 50 000 еселенгеннен бастап 100 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;
4) жекешелендіру объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 100 000 еселенгеннен бастап 250 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында – 2,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;
5) жекешелендіру объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 250 000 еселенгеннен бастап 500 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 1 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;
6) жекешелендіру объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 500 000 еселенген мөлшерінде және одан жоғары болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 0,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
Аукцион төменде көрсетілген екі әдістің біреуі бойынша жүргізіледі.
47. Бағаны көтеру аукционы:
1) егер аукцион залында аукцион басталған сәттен бастап жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі о